Қазақстандықтардың басым бөлігі айына 150 000-нан 300 000 теңгеге дейін табыс табады. 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 30,9%-ы осы деңгейдегі табысын растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық банк халықтың инфляциялық күтулері туралы кезекті сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Зерттеуді FusionLab компаниясы жүргізді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 18 жасқа толған 1,5 мың қазақстандық қатысты.
Респонденттерге ай сайын қанша табыс табатыны туралы сұрақ қойылды. Жауаптар былайша бөлінді:
40 000 теңгеге дейін — 3,9%;
40 001–70 000 теңге — 3,9%;
70 001–100 000 теңге — 5,4%;
100 001–150 000 теңге — 12,6%;
150 001–300 000 теңге — 30,9%;
300 001–500 000 теңге — 23,6%;
500 001 теңгеден жоғары — 13,4%;
жауап беруге қиналамын — 6,2%.
Қазақстандағы отбасылардың көбі бюджетін жалақы есебінен құрайды — сауалнамаға қатысқандардың 75,4%-ы осылай деді.
Маңыздылығы жағынан екінші орында мемлекеттік төлемдер тұр. Респонденттердің үштен бірге жуығы (33,2%) зейнетақы, стипендия немесе түрлі әлеуметтік жәрдемақы алатынын айтты.
Тағы 11,4%-ы ресми жалақы, мемлекеттік көмек және туыстарының қолдауынан бөлек өзге де табыс көздері бар екенін мәлімдеді. Туыстарынан қаржылай көмек немесе алимент алатын қазақстандық отбасылардың үлесі — 9,2%.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтардың екінші тоқсандағы орташа табысы 410 мың теңгені құраған, оның 24,2%-ы әлеуметтік төлемдер есебінен қалыптасқан. Абай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы сияқты өңірлерде жәрдемақы мен зейнетақы тұрғындар табысының үштен бір бөлігін құрап отыр.


