Қонаевта қайғылы оқиға болды: оқушы мектептегі үзіліс кезінде баспалдақ қоршауымен сырғанап, үшінші қабаттан екінші қабатқа құлап түсті. Кейін зардап шеккен бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қарашада сағат 13:18-де үзіліс кезінде қайғылы жазатайым оқиға болған. Оқушы мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы баспалдақ қоршауымен сырғанап бара жатып, құлап, екінші қабат деңгейіне түсіп, ауыр бас-ми жарақатын алған.
Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылды. Бала өте ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды.
Екі тәулік бойы дәрігерлер 11 жасар баланың өмірі үшін күресті. Медициналық көмек көрсетуге республикалық, қалалық және облыстық жетекші балалар нейрохирургтері тартылды. 17 қарашада өмірлік көрсеткіштер бойынша шұғыл операция жасалды.
Медицина мамандарының күш-жігеріне және жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қарашада сағат 10:00-де баланың қаза тапқаны тіркелді.
«Баланың қаза табуы — оның ата-анасы, туыстары, жақындары, сыныптастары, ұстаздары және бүкіл мектеп ұжымы үшін орны толмас қайғы. Алматы облысы білім басқармасы қаза тапқан оқушының отбасына шын жүректен көңіл айтады», — деп атап өтті ведомствода.


