Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қостанайдағы Береке шағын ауданында 980 орындық орта мектеп құрылысы бойынша қосымша келісім жасасуды талап еткен мердігердің талабын қанағаттандырмады. Бұл туралы Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланды, деп жазады infohub.kz сайты.

Дауға мердігер мемлекеттік сатып алу шартында көзделген көлемнен артық орындаған 471,8 млн теңгеге қосымша құрылыс жұмыстары себеп болды. Мердігер осы қаражатты сот арқылы өндіріп алуды көздеген, алайда талап қанағаттандырылмады.

Істі қарау барысында сот шарт құнын ұлғайтудың заңнамада белгіленген тәртібі сақталмағанын анықтады: жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілмеген, жоба құны ұлғайтылмаған, қосымша қаржыландыру заңда көзделген тәртіппен бөлінбеген.

Сот қосымша жұмыстардың іс жүзінде орындалуы мен олардың объективті қажеттілігі мемлекеттік тапсырыс берушінің қаржылық міндеттемелерінің туындауына дербес негіз бола алмайтынын атап өтті. Мемлекеттік сатып алу шартының сомасын өзгертуге заңнама талаптары сақталған жағдайда ғана жол беріледі.

Сонымен қатар мердігер қосымша жұмыстарға тиісті келісім ала алмай, оларды өз кәсіпкерлік тәуекелімен жалғастырғаны да аталды.