Қызылорда облысының прокуратурасы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ өңірлік филиалының қаражатын жұмсау заңдылығын талдап, жеке клиникаларға артық төлемдер жүргізілгенін анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органының ресми сайтында жазылғандай, тексеру барысында мемлекеттік медициналық ұйымдар жеке медициналық ұйымдарға — бірлесіп орындаушыларға — шарттық міндеттемелерде көзделген сомадан артық төлегені белгілі болды.

Атап айтқанда, «Жаңақорған орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК 2023 жылы шарттық сомадан 33,1 млн теңге, 2024 жылы 6,6 млн теңге артық аударған. «Арал орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК сол кезеңде 2023 жылы 13,8 млн теңге, 2024 жылы 18,6 млн теңге артық аударған.

Осылайша, бірлесіп орындаушыға негізсіз 73 млн теңге аударылған.

Прокурорлық ықпал ету нәтижесінде бұзушылықтар жойылды, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімдерінің негізінде 73 млн теңге толық көлемде өндіріліп алынды.