Қазақстанда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін ұлттық оператор анықталды. Бұл мәртебе «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына берілді. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Ведомство түсіндіргендей, бұл шешім радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз өңдеудің ұлттық жүйесін дамыту үшін қабылданды.

«Қазақстанда радиоактивті қалдықтар өткен жылдардағы қызметтің, оның ішінде ядролық сынақтардың, уранды өндіру мен қайта өңдеудің нәтижесінде жинақталған. Қазіргі таңда олар ядролық қондырғыларды пайдалану, уран өндіретін және қайта өңдейтін кәсіпорындардың қызметі, сондай-ақ өнеркәсіп, медицина және ғылым саласында да түзіледі. Болашақта олар болашақ АЭС-терді пайдалану кезінде де түзілетін болады. Ұлттық оператор радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз өңдеу жұмыстарын орындайды. Оның қызметінің негізгі бағыттарының бірі радиоактивті қалдықтарды көму инфрақұрылымын құру және пайдалану, сондай-ақ тиісті нысандарды жабу және оларды кейіннен мониторингілеу болады», — делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар оператор мемлекеттік меншіктегі немесе мемлекетке берілуге тиіс ядролық мұра нысандарын жою және консервациялау жұмыстарын жүргізеді. Оның міндеттеріне уранды өндіру мен қайта өңдеудің салдарларын жою жұмыстары да кіреді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында елде АЭС салу туралы айтқан болатын. Ал Энергетика министрлігінің басшысы Ерлан Ақкенженов Қазақстандағы екінші АЭС-ті қытайлық компания салуы мүмкін екенін мәлімдеді.