Рудныйда полиция қызметкерлері жеке меншіктегі Land Rover Discovery көлігіне қызыл және көк түсті жарық құралдарын заңсыз орнатқан жайтты анықтады. Бұзушылық әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жазбаны анықтаған соң полицейлер көлікті және оның иесін жедел тапты. Көліктің алдыңғы бөлігінде, радиатор торының тұсында қызыл және көк түсті қосымша жарық құралдары орнатылғаны анықталды.

Осы жайт бойынша 19 жастағы жүргізушіге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 603-бабының 1-бөлігі — «Көлік құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беру құрылғыларын орнату ережелерін бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерінің арнайы түсті-графикалық схемаларын заңсыз жапсыру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Аталған баптың санкциясы жеке тұлғаларға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (64 875 теңге) айыппұл салуды және заңсыз орнатылған жарық құралдарын тәркілеуді көздейді. Автомобиль мамандандырылған тұраққа қойылды.