Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметтегі брифингте Салық кодексінің баптарын жақын арада қайта қарау жоспарланбағанын мәлімдеді. Себебі құжат небәрі тоғыз айдан бері қолданыста, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық экономика министрлігінің басшысы бизнестің ең ауыртпалықты деп атаған шегерімдерге тыйым салу мәселесі қазір соншалықты өткір тұрмағанын атап өтті.
«Біз ештеңені өзгертуді жоспарлап отырған жоқпыз, өйткені Салық кодексі енді ғана жұмыс істей бастады, тоғыз ай өтті. Бірақ келісіңіз, жұмыс істей бастамай жатып, негізгі баптарға өзгеріс енгізу — ақылға сыймайтын әрекет еді. Сондықтан бұл жағдайда имплементация қажет. Меніңше, біздің не туралы айтып отырғанымызды түсіну үшін Салық кодексі кемінде бір жарым жылдай жұмыс істеуі керек», — деді ол.
Жұманғариннің пікірінше, қазіргі таңда салық режимдерінің құрылымы қалыптасқан.
«B2B бизнесімен айналысатындар — жалпыға бірдей режимде жұмыс істейді, ҚҚС және барлық салықты төлейді. Ал B2C, яғни тұтынушымен жұмыс істейтіндер үшін арнайы салық режимдерінің барлық түрі қарастырылған», — деп санайды ҰЭМ басшысы.


