Семейде өз баласын өлтіруге қатысты бұрынғы ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қадағалау органының ресми сайтында мәлім болғандай, Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаңа туған нәрестені өлтіру туралы қылмыстық істі қарады.
Биылғы жылдың ақпанында Семейде қоқыс контейнерлерінің бірінен нәрестенің денесі табылған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмысқа қатысы бар адамдар мен болған жайдың мән-жайы анықталды.
Сот анықтағандай, бала дүниеге келген соң ер адам оны алып шығып, қоқыс контейнеріне тастап кеткен. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, нәресте тірі туған, ал оның өлімі денесінің қатып қалуынан болған.
Сот талқылауының нәтижесінде әкесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша (кәмелетке толмаған адамды өлтіру) кінәлі деп танылды. Сот оған осы норманың санкциясында көзделген жалғыз жаза түрін — өте қауіпті қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтелетін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Баланың анасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабы бойынша (ананың жаңа туған нәрестені өлтіруі) кінәлі деп танылды, бұл баптың санкциясы ең көбі төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 55-бабының ережелерін ескере отырып, сот оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар ол жасаған қылмыс орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жататындықтан және рақымшылық жасау туралы актінің қолданысына кіретіндіктен, ол тағайындалған жазаны өтеуден босатылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, Семейде жаңа туған қызын қоқыс контейнерінде өлуге қалдырған бұрынғы ішкі істер органдары қызметкерлеріне үкім биылғы жылдың қазанында шығарылған болатын.


