Америкалық зерттеушілер шошқа бүйрегін минус 150 градусқа дейін мұздатып, кейін сәтті жібітіп, жануарларға трансплантациялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әдетте донорлық бүйрек дене сыртында 36 сағаттан аспай ғана тіршілік қабілетін сақтайды. Салдарынан мыңдаған науқас қажетті органды уақытында ала алмай қалады. Миннесота университетінің мамандары бұл мәселені витрификация технологиясымен шешті. Бұл — биологиялық тіндерді криопротекторлық ерітіндіге батырып, кейін шыны тәрізді күйге дейін мұздату үдерісі. Мұндай күйде жасуша құрылымы мұздан бұзылмайды.
Мұндай мұздатудың басты қиындығы — органды тініне зақым келтірмей қауіпсіз жылыту. Бүйректі біркелкі жібіту үшін мамандар қорғаныш қоспаға жылу мен ток өткізетін темір оксидінің нанобөлшектерін қосты. Жібіту кезінде бұл бөлшектер іске қосылып, органды абайлап бөлме температурасына қайтаруға мүмкіндік берді.
Жібітіп, кейін трансплантациялағаннан соң бүйректер табиғи түсін қалпына келтіріп, бірден зәр шығара бастады. Болашақта ғалымдар бұл әдісті адамның донорлық органдарымен жұмыс істеуге бейімдеуді жоспарлап отыр. Бұл оларды криобанктерде іс жүзінде шексіз уақыт сақтауға мүмкіндік береді.


