Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты сақтандыру компаниясын Қызылорда — Шиелі тас жолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан II топтағы мүгедектік алған жолаушыға 5 190 000 теңге төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотқа талап қоюшы сақтандыру компаниясынан сақтандыру төлемін өндіруді талап етіп жүгінген.
Істі қарау барысында анықталғандай, 2024 жылдың тамызында Қызылорда — Шиелі автожолында Toyota Alphard көлігі қатысқан ЖКО болған. Талап қоюшы осы апатта зардап шегіп, оған II топтағы мүгедектік белгіленген. Жүргізушінің кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен расталған. Кінәлі жүргізушінің жауапкершілігі сақтандыру компаниясында сақтандырылған.
Талап қоюшы төлем алу үшін сақтандыру компаниясына жүгінген, алайда бас тарту жауабын алған. Негіз ретінде жүргізуші жолаушыларды қосымша арқылы ақылы түрде тасымалдағаны, сондықтан зиян тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру бойынша өтелуге тиіс екені көрсетілген.
Сот жауапкердің бұл дәйегімен келіспеді, өйткені жүргізуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жолаушыларды тасымалдауға лицензиясы болмаған және тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған. Жүргізушінің әрекетінде заңсыз кәсіпкерлік қызмет белгілерінің болуы оның ресми тасымалдаушы мәртебесін алуын білдірмейді. Бұл жағдай талап қоюшының құқықтарын шектеуге және сақтандыру компаниясын төлемнен босатуға негіз бола алмайды.
«Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңның 29-бабында сақтандыру төлемінен бас тартудың толық тізбесі көзделген, онда сақтандыру компаниясы көрсеткен себептер жоқ.
Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты талап арызды қанағаттандырып, талап қоюшының пайдасына сақтандыру компаниясынан 5 190 000 теңге өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енді.


