2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше басқа да елдердің азаматтары бір-біріне жеке куәлікпен бара алады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Осындай тұжырым жазылған пост Threads әлеуметтік желісінде қыркүйек айының ортасында пайда болған. Онда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары елдер арасында паспортсыз, тек жеке куәлікпен жүре алады деп жазылған.
«Бауырлас түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы одан әрі дами берсін. Енді Стамбұлда қалтаңызда тек жеке куәлік болса болғаны, суретке түсе аласыз», — делінген жарияланымда.
Автор сондай-ақ Түркияның түркітілдес елдерден келген туристерге Топқапы сарайы мен Айя-София сияқты ақылы туристік нысандарға билеттерді өз азаматтарымен бірдей бағамен немесе қарапайым туристік билеттен әлдеқайда арзан бағамен беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген.
Қазақстан СІМ Kazinform агенттігіне Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер азаматтарының жеке куәлікпен өзара сапарлары мәселесі шынымен талқыланғанын нақтылады. Алайда елдер арасында келісім әзірге жоқ.
«Қазіргі таңда ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында бұл бастаманы жүзеге асыруға қатысты консенсус жоқ. Осыған байланысты 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТМҰ елдері азаматтарының жеке куәлікпен өзара сапарлары тәртібі енгізіледі деген ақпарат расталмайды», — деп хабарлады ведомство сұрауға жауап ретінде.
Мұндай тәртіп қашан енгізілуі мүмкін екені әзірге белгісіз.
Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Ұйымға мүше барлық елдермен Қазақстанның визасыз режимі бар. Алайда қазақстандықтар жеке куәлікпен тек Қырғызстанға кіре алады. Қалған елдерге бару үшін паспорт қажет.
СІМ сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстанмен шекараны жеке куәлікпен кесіп өту мүмкіндігі туралы келіссөздерді жалғастырып жатқанын хабарлады. Қазір ол жаққа бару үшін шетелдік паспорт қажет, ал жаңа тәртіптің енгізілу мерзімі белгіленбеген.
Сонымен қатар 2025 жылдың 22 қарашасынан бастап қазақстандықтар Арменияға жеке куәлікпен бара алады. Бұл тәртіп екі ел арасындағы тікелей әуе рейстеріне, соның ішінде Астана — Ереван — Астана және Алматы — Ереван — Алматы бағыттарына қолданылады.


