Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы бір ауылда жоғалған сиырды іздеу тарихы күтпеген бетбұрыс жасады: мал ұрланбаған да, жоғалмаған да. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, жергілікті тұрғын полицияға келіп, үйден шыққанда қақпаны жаппай кеткенін, ал қайтып келгенде басы мен қарнында ақ дағы бар қара түсті сиырын таппағанын айтқан.
Полицейлер мал ұрлығының белгілері бар-жоғын тексеріп, содан кейін қашып кеткен малды іздеу шараларын қолданды. Тәртіп сақшылары жақсы біледі: қараусыз қалған мал қылмыскерлердің олжасына айналуы немесе жолға кенет шығып, жол-көлік оқиғасын тудыруы мүмкін.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін кешке дейін аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері ауыл мен оның маңын аралап, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Келесі күні іздеу шараларына көршілес ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары, қызметтік-іздестіру иті бар кинолог және дрон операторы қосылды. Тәртіп сақшылары маңайды түгелдеп, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді.
Нәтижесінде күтпеген сурет ашылды: сиыр ұрланбаған да, жоғалмаған да. Шын мәнінде оны иесі басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатқан.
Әйел мұны күйеуі білмей, әпкесіне ақшалай көмектесу үшін жасағанын түсіндірді. Ол өз әрекетін жұбайынан жасыру мақсатында полицияға жүгінген. Осы үшін аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ресурстары мен жұмыс уақыты жұмсалды.
Арнайы қызметтерді әдейі жалған шақырғаны үшін ауыл тұрғыны 60 айлық есептік көрсеткіш (259 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды.


