Тергеу соты «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен департаменттің бас менеджері Е. Байкуловты екі айға қамауға алуға санкция берді. Бұлтартпау шарасы 26 қарашада қолданылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Компанияның басқарма мүшесі мен өзге де қызметкерлерінің ұсталғаны туралы бұған дейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеген болатын. Ведомствоның Telegram-арнасында қамауға алу туралы шешім айыпталған әрекеттердің сипаты мен ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ ықтимал сыбайластар мен куәгерлерге қысым жасалуына, дәлелдемелер мен қылмыстық жолмен табылған мүліктің жасырылуына жол бермеу мақсатында қабылданғаны нақтыланды.

ҰҚК дерегінше, істің барлық мән-жайын анықтауға байланысты процестік әрекеттер жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Еске салайық, 25 қарашада ҰҚК-нің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомпром» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті ұстаған болатын. Сондай-ақ өзге де адамдардың ұсталғаны хабарланды: олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдікке ілінген.

Сонымен қатар «Қазатомпром» баспасөз қызметі директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен компания басқармасы мүшелерінің — коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын мәлімдеді.

Бүгін сондай-ақ «Қазатомпромның» сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықовтың 26 қарашада өз еркімен қызметінен кеткені белгілі болды.