Қазақстан теңгенің долларға қатысты икемді бағам режимін сақтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерулан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі. Оның айтуынша, мұндай тәсіл экономикаға сыртқы өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік беріп, макроэкономикалық теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды, деп жазады infohub.kz сайты.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында ұлттық валюта 13,7%-ға нығайып, доллар бағамы 440,5 теңгеге жетті. Бұған, Ұлттық банк басшысының орынбасары атап өткендей, бірқатар фактор ықпал етті: мұнай мен негізгі экспорттық тауарлардың жоғары бағасы жағдайында сұраныс қалыпты болған кезде шетел валютасы ұсынысының артуы, қалыптасқан ақша-несие жағдайлары, сондай-ақ резидент еместердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салымдарының ағыны. Олардың көлемі 2,6 трлн теңгеге жетіп, жыл басынан бері 786 млрд теңгеге өсті.
2026 жылдың тоғыз айында Ұлттық қордан биржалық нарықта шетел валютасын сату көлемі 2,8 млрд долларды құрады. Айналымды көбейту аясында өтімділікті алудың жалпы көлемі 3,2 трлн теңгеге жетті.
«Ұлттық банк экономикаға сыртқы өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік беріп, макроэкономикалық теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайтын икемді бағам режимін ұстануды жалғастырады», — деді Ерулан Жамаубаев.
Ол сондай-ақ қыркүйекте теңгенің долларға қатысты бағамы 458,37 — 439,27 аралығында болғанын еске салды.


