Қазақстан теңгесінің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 2027-2029 жылдары бір долларға 523-587 теңге болуы мүмкін. Бұл болжам Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕҚТҚ) күзгі аймақтық экономикалық шолуында келтірілген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Теңге бағамының болжамы нығаю бағытында қайта қаралды: 2026 жылы орта есеппен бір долларға 482 теңге. Ал 2027-2029 жылдары біртіндеп 523-587 теңгеге дейін әлсіреуі күтіледі», – делінген шолу түйіндемесінде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің дерегінше, қазіргі ресми бағам – бір долларға 451,31 теңге. Салыстырсақ: 2026 жылдың 1 қаңтарында ол 505,53 теңге, ал 2025 жылдың басында 525,11 теңге болған.

Ұлттық валютаның нығаюы мұнай, газ, металдар және Қазақстанның басқа да негізгі экспорттық шикізат тауарларының бағасы қымбаттаған кезде орын алып отыр. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар тарапынан қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарға сұраныс жоғары.

Экономистер дайындаған шолуда Қазақстан экономикасы 2026 жылы да, 2027 жылы да 5%-ға өсетіні атап өтілген. Бұл ретте ішкі жалпы өнімнің мұндай өсімі келесі жылы ірі жобалардағы осы жылдан кейінге шегерілген күрделі жөндеулерге байланысты мұнай өндіру қысқарғанына қарамастан қамтамасыз етілмек. 2027 жылы экономика өсімінің негізгі драйверлері шикізаттық емес салалар мен инвестициялық белсенділік болып қала береді. Ал 2028-2029 жылдары Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,1-4,2%-ға баяулайды.

Бағаның өсуі осы жылдың соңына қарай 9,5%-ға баяулайды, бірақ мақсатты көрсеткіштен (5%) жоғары болып қалады. Келесі үш жылда инфляция тиісінше 8,8%, 7,8% және 6,8% деңгейінде болжанып отыр.

Шолуда Қазақстаннан бөлек Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан бойынша да макроэкономикалық болжамдар, оның ішінде экономикалық өсу мен инфляция көрсеткіштері, сондай-ақ негізгі экономикалық тәуекелдерге талдау бар. Шолуды ЕҚТҚ командасы бас экономист Сергей Улатовтың жалпы жетекшілігімен дайындаған.