Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Құрманғалиұлы Бейсеновті Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатты. Мемлекет басшысының тиісті өкімі Ақордада жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Мемлекет басшысының өкімімен Бейсенов Асқар Құрманғалиұлы Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатылды», — делінген ресми хабарламада.

Қорғаныс министрлігінің сайтындағы мәліметке сәйкес, Асқар Бейсенов 1978 жылы 12 қазанда Петропавл қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Ярославль жоғары әскери қаржы училищесін «Әскерлерді қаржылық қамтамасыз ету және әскери шаруашылық экономикасы» мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде «Құқықтану» мамандығын меңгерсе, 2014 жылы қаржы академиясында «Менеджмент» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған.

Қазақстанның Қарулы күштерінде полковник Асқар Бейсенов Б. Момышұлы атындағы Республикалық әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушісінен бастап Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаментінің бастығы қызметіне дейінгі жолды жүріп өтті. Әр жылдары ол бюджеттік жоспарлау, қаржы және аудит саласында жауапты қызметтер атқарып, шетелдегі дипломатиялық корпуста да қызмет етті.

2023 жылы 24 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Асқар Бейсенов Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған еді.

Еске салайық, Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда болған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанның қорғаныс ведомствосы басшылығында кадрлық өзгерістер болды. Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. Сонымен қатар соңғы күндері Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы қызметіне Айтқұрман Омарбековті тағайындады.