Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп пен королева Матильданы Астана әуежайында қарсы алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Республика шекарасынан өткен сәттен бастап Астана әуежайына дейін король жұбы отырған ұшақты Қазақстан Әскери-әуе күштерінің истребительдері алып жүрді.

Әуежайдың ұшу алаңында салтанатты қарсы алу рәсімі аясында құрметті қарауыл ротасы мен президенттік оркестр сапқа тұрғызылды.

Әуежайдың келу залында Қазақстан Президенті құрметті қонақтармен қысқаша әңгімелесті.

Мемлекет басшысы Бельгия королі мен королевасының сапарын жылы лебізбен қарсы алып, оның қазақ-бельгия қатынастарын нығайтудағы тарихи маңызын атап өтті.

«Қазақстан сіздердің сапарларыңызды қабылдауға қуанышты. Сіздер біздің мемлекетіміздің дамуының аса маңызды кезеңінде келіп отырсыздар. Жалпы, біз табысты дамып келеміз, экономикамыз өсіп келеді. Асыра айтпай-ақ, сіздердің сапарларыңыз екіжақты қатынастарға қуатты серпін беретінін айтуға болады», – деді Президент.

Өз кезегінде Король Филипп Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, алдағы келіссөздердің сәтті өтетініне сенім білдірді және олардың екі ел арасындағы көпқырлы серіктестікті тереңдетудегі маңызын атап өтті.

«Ұшақ қонған бойда, траптан түскен сәттен бастап бізге көрсеткен жылы қабылдауыңыз үшін алғыс айтамын. Осында үш толық күн болғанымызға қуаныштымыз және еліңізбен мүмкіндігінше жақын танысуға үміттенеміз», – деді Бельгия королі.