Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтау үшін елдердің күш-жігерін біріктіруге шақырып, бірлескен экологиялық жобаларды дамытуды, өзендердің су ағынын қалпына келтіруді және Тегеран конвенциясының тұрақты хатшылығын құруды аяқтауды ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жобалар теңіз акваториясын да, Каспийді қоректендіретін өзен бассейндерін де қамтуы тиіс. «Біз су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты жерлерді қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстарды тиісті жағдайға келтіруіміз керек. Бұл жұмысқа гранттар, жеңілдетілген кредиттеу және климаттық қаржыландырудың басқа да арналары көмектесе алады және көмектесуі тиіс», — деп есептейді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Президент Тегеран конвенциясының тұрақты жұмыс істейтін Хатшылығын құруды аяқтау қажеттігін атап өтті. «Бізге шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз ететін, қызметті үйлестіретін және жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың орындалуын бақылайтын тиімді тетік қажет. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жұмысын жалғастырады, өйткені біздің ортақ міндетіміз — су ресурстарын жаһандық басқарудың тиімділігін арттыру және сонымен бірге Каспийдің экологиялық жағдайына басым назар аудару. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздік мәселелерімен қатар халықаралық күн тәртібінен лайықты орын алуы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, Каспий — мемлекеттік шекараларды мойындамайтын біртұтас экожүйе, сондықтан халықаралық ұйымдарда және қаржы нарықтарында үйлестірілген әрекеттерсіз ортақ табысқа жету мүмкін емес. «Жемісті жұмыс үшін қажеттінің бәрі бар — саяси диалог, халықаралық-құқықтық база, бейінді институттар және айтарлықтай ғылыми әлеует. Ортақ күш-жігермен халықтарымыздың өмірінің, әл-ауқатының және ортақ болашағының көзі — Каспий теңізін сақтаймыз деп сенемін», — деп қорытындылады Мемлекет басшысы өз сөзін.