Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қандай шетелдіктерді күтетінін айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда еңбек өнімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді кеңейтуге, сондай-ақ су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Президенттің пікірінше, бұл салалар бірлескен жобаларға мүмкіндік ашады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мен фармацевтика саласындағы әріптестікті нығайтуды маңызды деп атады.

«Біз IBA компаниясымен Қазақстанда протондық терапияға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған ынтымақтастықты құптаймыз. Бейінді мамандарды даярлау және клиникалық зерттеулер жүргізу жөніндегі бірлескен бағдарламалар онкологиялық ауруларды озық емдеу әдістері саласындағы құзыретімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Бельгиялық фармацевтикалық компанияларды Қазақстанда өндіріс жолға қоюға шақырамыз», — деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстан еліміздің азаматтарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын ақылды әрі іскер адамдарды тартуға мүдделі екенін атап өтті.

«Мұндай адамдар елімізге неғұрлым көп келсе, соғұрлым бәрімізге жақсы, өйткені бұл тұлғааралық та, кәсіби де байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Қазақстанда мұндай өзара іс-қимыл жоғары бағаланады. Қазақстан Президенті ретінде мен елімізге келетін адамдардың ең алдымен зияткерлік қабілетін бағалаймын, олардың этникалық тегіне емес», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, король Филипп пен королева Матильда Астанаға мемлекеттік сапармен 12 қазанда келген болатын.