Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ әл-Саидқа «Алтын Қыран» орденін табыс етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Салтанат рәсімінде Мемлекет басшысы Оман сұлтанының сапары тарихи сипатта екенін және екіжақты қатынастардағы нағыз серпіліс болып табылатынын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Оман араб әлеміндегі республиканың стратегиялық маңызды әрі уақыт сынынан өткен серіктесі. «Отыз жылдан астам уақыт бойы біздің ынтымақтастығымыз сенім, өзара түсіністік және қолдау рухында дамып келеді. Бүгін Астанада Сіздің Мәртебелілігіңізді қарсы ала отырып, біз қатынастарымызды тарихи маңызды деңгейге көтеріп отырмыз. Бұл — Оман сұлтанының Қазақстанға және Орталық Азияға алғашқы мемлекеттік сапары. Мен бұл сапарды еліме деген шынайы құрметтің белгісі және екі елдің де ортақ мүдделері бар барлық салаларда — мұнай мен газ сияқты дәстүрлі салалардан бастап көлік пен логистика, цифрландыру мен жасанды интеллект, сондай-ақ сауда байланыстарын орнату мүмкіндіктері мен ауыл шаруашылығы өнімдері туралы ақпарат алмасу сияқты жаңа бағыттарға дейін — сауда мен ынтымақтастықты дамытуға деген өзара ұмтылысының символы ретінде қарастырамын. Біз Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз бар екеніне қуаныштымыз және еліңіздің сенімді серіктесі болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сұлтан Хайсам бен Тариқ әл-Саидтың екіжақты қатынастарды нығайтуға деген өзгермейтін жеке адалдығын атап өтті. «Сіздің Мәртебелілігіңіз, Сіз — ұлы мемлекет қайраткерісіз. Мемлекетті басқарудағы көрегендігіңіз бен халқыңызға көп жылдық қызметіңіз терең құрметке лайық. Қазақстан халқы Сізді аса зор құрметпен қарайды және Оманды серіктес қана емес, бауырлас мемлекет деп атай алатынына мақтанады. Адами капиталға инвестиция салып, инновацияларды енгізіп, болашаққа бағытталған экономика құра отырып, Сіз стратегиялық көрегендіктің мемлекетті қалай өзгертіп, оның тұрақты гүлденуін қамтамасыз ете алатынын айқын көрсетіп отырсыз. Oman Vision 2040 бағдарламасы Сіздің ұлттық бірегейлікті, құндылықтар мен дәстүрлерді сақтай отырып, әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және тұрақты экономика қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытыңызды бейнелейді. Нағыз көшбасшы, бейбітшілік қорғаушысы және даналықтың жарқын үлгісі ретінде Сіз әлемнің көптеген адамдары мен жоғары лауазымды саясаткерлерді шабыттандыруды жалғастырып келесіз», — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Оманның аймақтық тұрақтылықты нығайтудағы, дінаралық диалогты дамытудағы және гуманитарлық бастамаларды жүзеге асырудағы рөліне жеке тоқталды. «Түрлі тараптар арасында көпір салып, өзара түсіністікке ықпал ету қабілетіңіз Оманның аймақтық және халықаралық істердегі бірегей орнын бекітуге ықпал етті. Біз мұндай көзқарасты жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіз әділ әрі бейтарап халықаралық делдал ретінде әбден лайықты саналады. Сіздің тарихи сапарыңыз Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қатынастар шежіресінде мәңгілік маңызды кезең болып қалады. Сізге, Сіздің Мәртебелілігіңіз, халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан баға жетпес үлесіңізді мойындау белгісі ретінде «Алтын Қыран» орденін табыс ету мен үшін үлкен құрмет», — деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ әл-Саид Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман сұлтанатының ең жоғары мемлекеттік наградасы — Әл-Саид орденімен марапаттады.