Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Әзірбайжан мемлекеттері басшыларының 8-консультативтік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы бүгінгі отырыстың символдық мәніне ерекше тоқталды. Өйткені ол Орталық Азия мен Әзірбайжан елдерінің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайласып отыр.
– Осы жылдар ішінде біртұтас дәуірді қамтыған ұзақ, күрделі, шын мәнінде қиын да жемісті жолдан өттік. Егемендігімізді нығайтып, өзімізге тән даму үлгілерін қалыптастырдық, халықаралық қоғамдастықтан лайықты орын алдық. Орталық Азия мен Әзірбайжан бүгін Еуразиядағы өсу мен геосаяси өзара іс-қимылдың орталығы саналады. Бірақ ең бастысы – бауырлас халықтарымыздың парасаттылығы мен бірлігінің арқасында бейбіт әрі келісімде өмір сүріп келеміз. Ынтымақ, өзара қолдау мен сенім ортақ стратегиялық тірегімізге айналып, заман сын-қатерлеріне бірге төтеп беруге мүмкіндік беріп отыр. Геосаяси шиеленістің өсуі, халықаралық қатынастар архитектурасының өзгеруі және бөліну сызықтарының тереңдеуі жағдайында бұл үрдіс ерекше өзектілікке ие болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Консультативтік кездесуге қатысушылармен аймақтағы одан әрі өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері жөніндегі Қазақстанның көзқарасымен бөлісті.
– Ортақ күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық өлшем жыл сайын жаңа мазмұнға толығып келеді. Бірлескен кәсіпорындар саны артып, іскерлік байланыстар нығайып, өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сауда кедергілері кезең-кезеңімен жойылып, шекараларда өткізу пункттері ашылып, автомобиль және теміржол қатынасы кеңейіп келеді. Алайда ішкі нарықтың әлеуеті, біз түсінгендей, әлі де толық сарқылған жоқ. Өткен жылы өңіраралық сауда көлемі шамамен 13 млрд долларды құрады – бұл мемлекеттеріміздің жалпы тауар айналымының шамамен 8 пайызы. Сондықтан үкіметтерге осы көрсеткішті кемінде 20 млрд долларға дейін ұлғайтуға, өзара сауда үлесін кезең-кезеңімен арттыруға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қабылдауды тапсыруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


