Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу бастамасын көтерді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Өз сөзінде мемлекет басшысы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын атап өтті. Олардың біріншісі ретінде Достастықтың ұзақ мерзімді басымдықтарын бекітуді атады.
«Достастықты дамытудың қолданыстағы тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған болатын. Кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар салалық сипатта және көбінесе бір-бірімен үйлеспейді. Оларды біртұтас өзара байланысқан жүйеге біріктіруге болады деп есептеймін. Біз, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер, Достастықты ұзақ мерзімді перспективада қандай күйде көргіміз келетінін және ол Еуразияның тез өзгеріп жатқан геосаяси архитектурасында қандай орын алуы тиіс екенін айқындауымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке біздің елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуге кірісуді ұсынамын. Бұл – орта мерзімді перспектива. Біздің мемлекеттеріміз үшін іргелі маңызы бар басымдықтарға – экономика, энергетика, инфрақұрылым, жоғары технологиялар, адами капиталға назар аудару маңызды. Мұндай тәсіл тұрақты прогреске жету жолындағы күш-жігеріміздің үйлесімділігі мен сабақтастығына ықпал етеді», – деп санайды Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мен индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдірудің маңызы ерекше.
Ол Қазақстан үшін ТМД елдерінің нарықтары дәстүрлі түрде үлкен мәнге ие екенін атап өтті – оларға еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы тиесілі.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол шамамен 40 млрд долларды құрады, ал ағымдағы жылдың жеті айында 10 пайызға өсті. Бірлескен өндірістерді құруда да айтарлықтай тәжірибе жинақталған. Мәселен, Қазақстанның Ресей Федерациясының қатысуымен өнеркәсіптік жобалар портфелінде жалпы құны 61 млрд доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і іске асырылды. Өзбекстанмен құны шамамен екі миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп өндіру жолға қойылған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


