Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастама көтерді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — ТМД-ның 2027–2030 жылдарға арналған флагмандық индустриялық-технологиялық жобалар портфелін қалыптастыру ұсынысы болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға Қазақстан Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аймақтарда шекара маңы индустриялық-сауда орталықтарының желісін қатар құрып жатқанын жеткізді. Өнеркәсіптік және сауда ынтымақтастығын нығайту үшін құқықтық база қалыптастырылды.

«ТМД кеңістігінің едәуір бөлігінде іскерлік байланыстарды дамыту мен жаңа өндірістерді іске қосуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді бар әлеуетті ашу міндетін орындау керек. Басқаша айтқанда, өзара саудадағы негізсіз, жасанды кедергілерді қысқартып, қызметтер нарығын кеңейтіп, өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Осы жұмыстың заңды жалғасы Достастық аясында ірі бірлескен бастамаларды жүзеге асыру болуы тиіс. Осыған байланысты ТМД-ның 2027-2030 жылдарға арналған флагмандық индустриялық-технологиялық жобалар портфелін қалыптастыруды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім шығаруға баса назар аударған жөн, бұл экономикаларымыз үшін жаңа өсу нүктелерін жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл міндеттің күрделілігін түсіне отырып, Қазақстан экономикалық саладағы қолда бар артықшылықтар мен жетістіктерді тиімді пайдаланудан бас тартпай, прагматикалық, шынайы ұстанымды ұстанады. Бұл жұмысқа даму институттарын, қаржы ұйымдарын және бизнесті тарту қажет», — деді Президент.

Ынтымақтастықты кеңейтудің тағы бір перспективалы бағыты ретінде сөзінде көлік байланыстарын дамыту және транзиттік әлеуетті нығайту аталды.

«Қазақстан үшін Солтүстік — Оңтүстік, Батыс Қытай — Батыс Еуропа, сондай-ақ Транскаспий бағыттары басым. Олардың үйлесімді өзара байланысы континенттік тасымалдаудың бүкіл жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа ТМД-ға қатысушы елдердің аумағынан өтетін басты көлік артерияларын ұштастыру тұжырымдамасы қызмет етеді, ол биылғы мамырда біздің еліміздің бастамасымен бекітілген болатын. Қазақстан аталған тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосып келеді. Тамызда жалпы ұзындығы бір жарым мың шақырымнан асатын жаңа Арал-Каспий магистралінің құрылысы басталды», — деп қосты Тоқаев.

Оның айтуынша, осы стратегиялық жоба іске қосылған соң Қытайдан Еуропаға баратын автомобиль жолы шамамен мың шақырымға қысқарады, ал транзиттік жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін азаяды.

«Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасуда. «Жұмсақ инфрақұрылым» деп аталатын — тасымалдауды цифрландыру, электрондық құжат айналымы және шекаралардағы рәсімдердің келісілуі — барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. Басым міндет — «бірыңғай цифрлық дәлізді» қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз бойынша Өзбекстан және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электрондық алмасу енгізілді. Дәл осындай жұмыс Ресей және Беларусьпен жүргізілуде. Ресей тарапымен бірлесіп, биылғы мамырда алғашқы трансшекаралық жүк тасымалдайтын ұшқышсыз көлік қатынасы іске қосылды. Ең тиімді шешімдерді бүкіл ТМД кеңістігінде таратуды практикалық тұрғыдан орынды деп санаймын», — деді мемлекет басшысы.