Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 форумының жас қатысушыларымен кездесуде қазақстандық жастарды ресейлік құрдастарымен ынтымақтасуға шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин жасанды интеллект саласындағы жас таланттармен кездесті. Қазақстан басшысы жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары — жас қатысушыларды осындай бірегей форумға қатысу мүмкіндігімен құттықтады. Оның айтуынша, бұл — өмірде өзін танытып, әлемге, оның ішінде мемлекет басшыларына көрсетуге берілген зор мүмкіндік.

«Аға буынның міндеті — талантты жастардың кәсіби өсуіне жағдай жасау. Бұл міндеттің мәні мемлекеттік деңгейде. Сіздердің тиісті білімді еш қиындықсыз алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуларыңыз үшін біз барлығын жасаймыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің дамуы — әлемнің болашағына елеулі ықпал ететін қайтымсыз процесс екенін атап өтті.

«Цифрландыру да, жасанды интеллект те мен үшін, Қазақстан Республикасының президенті ретінде, басым стратегиялық міндет. Сіздер мұны жақсы білесіздер, осы мақсатпен биылғы жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл келесі жылы жұмысты тоқтатамыз дегенді білдірмейді. Бұл — дәл осы жылы біз бұл жолда қарқынды бастау алдық деген сөз. Тиісті заңдар мен нормалар қабылданды, яғни жасанды интеллектті дамытудың заңнамалық-нормативтік негізі құрылды. Бұл жолдың соңы емес. Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы үкіметке жаңа міндеттер жүктейтінін түсінемін. Біз жастардың болашағы үшін, қазір жиырма жасқа толмаған, ал толғандар болса жаңа ғана толған адамдардың болашағы үшін жұмыс істейміз. Сіздерге өмір сүріп, жаңа әлемді құру қажет. Қазақстаннан келген адамдарға кеңес ретінде айтарым: ресейлік достармен, серіктестермен, жолдастармен бірге жұмыс істеу керек, прогресс жолында қол ұстасып, бірге жүру қажет», — деп тәлім берді президент жастарға.

Соңында Қазақстан мен Ресей президенттері дискуссия қатысушыларына білімге деген сөнбес қызығушылық пен жаңа жетістіктер тіледі. Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген жас таланттар қатысты.