АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысын тағайындауға асықпайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, өзі баспасөзбен қарым-қатынасты «өте жақсы меңгеріп отыр». Бұл туралы ол журналистерге Кэти Захарияның жанжалмен жұмыстан шығарылуынан кейінгі жағдайды түсіндіре отырып айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Мен баспасөзбен кез келген басқа президенттен әлдеқайда жиі кездесемін. Ұшақ қанатының жанында 100 адам тұрған жерде тоқтай аламын. Білесіздер, кейде ол жерде үлкен топ жиналады. Сондықтан баспасөзбен көп сөйлесемін», — деп келтіреді оның сөзін New York Post.

Трамп қателессе, тек бір адамды — өзін ғана кінәлай алатынын да атап өтті. Оның айтуынша, жаңа баспасөз хатшысын іздеудегі қиындықтың бір себебі — Кэролайн Левитттен асып түсетін адамды табу қиын, өйткені ол өз жұмысын тым жақсы атқарған.

Сонымен қатар АҚШ президенті бұл қызметке қалайтындар өте көп екенін айтты. «Менің ойымша, лайықты бірнеше адам бар. Әзірге олар қажет болмады», — деді ол.

Еске салайық, тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт қызметтен кететінін жариялаған. Левитттің айтуынша, ол отбасына көбірек уақыт бөлмек. Қазір ол Трамп әкімшілігінің саяси бөлімшесінде жұмыс істеп, теледидарда белсенді сөйлеп жүр.

9 қазанда Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметіне Кэти Захария тағайындалды, ал 13 қазанда ол алғашқы брифингін өткізді. Ол бар болғаны 14 минутқа созылып, осы уақыт ішінде үш журналистің сұрағына жауап берді. Сөз сөйлеу барысында ол ойындағыны дұрыс жеткізе алмай, кәсіби дайындығына қатысты күмән тудырды.

Fox News арнасына берген сұхбатында Захария біліктілік емтиханын тапсырмағанын және АҚШ-та заңгерлік қызметпен айналысуға лицензия алмағанын мойындады. Бұған дейін Трамп оны адвокат ретінде таныстырған.

Тағайындалғанға дейін ол Truth Social әлеуметтік желісін басқаратын Trump Media & Technology Group компаниясында коммуникация жөніндегі аға кеңесші болып жұмыс істеген. Бұған дейін Захария шамамен алты апта бойы АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілі қызметін де атқарған.

17 қазанда Кэти Захарияның қызметтен кеткені белгілі болды. 20 қарашада Калифорния штатының адвокаттар алқасы Ақ үйдің экс-баспасөз хатшысы Кэти Захарияға қатысты тергеу бастағаны хабарланды.