Қазақстандық спортшы Тұрсынай Қабыл Бахрейнде өткен пара пауэрлифтингтен әлем чемпионатында жеңіске жетті. 26 жастағы атлеттің бұл жеңісі туралы infohub.kz сайты хабарлады.
41 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Қабыл үш әрекеттің ең сәттісінде 100 кило көтеріп, бірінші орынды иеленді. Күміс жүлдені Түркия өкілі Рейхан Полат, қоланы ресейлік Татьяна Жаворонкова жеңіп алды: екеуі де 94 кило көтерді.
«Әсері керемет, өйткені мен бұл әлем чемпионатына ұзақ дайындалып, осы медальді армандадым. Паралимпиадаға дайындалып жатырмын — алда әлі екі жыл бар. Барлығы жақсы болады деп сенемін», — деді Қабыл жеңістен кейін.
Қазақстандық тағы екі спортшы Данагүл Есжанова мен Арианна Кобзарь сегізінші және тоғызыншы орындарға тұрақтады.
Соңғы екі Азия ойындарында Қабыл күміс жүлдегер атанған. Париж-2024 Паралимпиадасындағы дебютінде ол алтыншы орынды иеленді.
Манамадағы пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты 2 желтоқсанды қоса алғанда жалғасады. Қазақстаннан барлығы 23 спортшы — 13 ер және 10 әйел қатысып жатыр.


