Қазақстан Ұлттық банкінде өткен брифингте төраға Тимур Сүлейменов журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қазақстандық банктермен бірлесіп жасалған антифрод-сайт пен антифрод-көмекшінің іске қосылғаны туралы айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Біз бұл көмекшіні Фродо Бэггинс сияқты — фродқа (алаяқтыққа — авт. еск.) қарсы тұратын Антифродо деп атағымыз келді. Бұл — банктермен бірлесіп жүргізіп отырған жұмысымыз. Бұл сайт (antifraud.kz — авт. еск.) бұрын да болған, бірақ оның функциялары онша кең емес еді», — деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, ресурстың мүмкіндіктері кеңейтілген. Енді сайттан сұр тізімдерді қарап, пайдаланушының қай жерде екенін тексеруге, қажет болса, тиісті өтініш беріп, картасы мен телефонының бұғатын ашуға болады. Сонымен қатар порталда осы тақырыптағы барлық сұраққа жауап беруге дайын интеллектуалды көмекші жұмыс істейді.

Еске салайық, Қазақстанда Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің кибералаяқтыққа қарсы күресетін Антифрод-орталығы жұмыс істейді. Ол күдікті шоттар мен операциялардың арнайы базасын қалыптастырады.

Сонымен бірге орталықтың өзі шоттар мен карталарды бұғаттамайды және азаматтарды тиісті базаларға енгізу немесе олардан шығару туралы шешім қабылдамайды. Қызмет көрсетуді алған ақпарат негізінде банктердің өздері шектейді.

Бұған дейін біз Антифрод-орталықтың дерекқорына түскендіктен шоттары бұғатталған қазақстандықтар не істеуі керектігін айтқан болатынбыз.