Жапон зерттеушілері ісіктің ішінде көміртек монооксидін пайдаланып, қатерлі ісікке қарсы заттарды синтездеу әдісін жасап шықты. Бұл дені сау тіндерді уланудан қорғауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

RIKEN озық зерттеулер институтының мамандары қатерлі ісікпен күресудің жаңа тәсілін ойлап тапты: онда ісіктің өз тіршілік өнімдері оны жоюға жұмсалады. Кацунори Танака басқарған топтың ғылыми жұмысының нәтижелері «Nature Communications» журналында жарияланды.

Улы жүйелі химиотерапияның орнына авторлар зиянсыз кешендерді енгізуді ұсынды. Олар ауру ошағының дәл өзінде ісікке қарсы дәрінің синтезін іске қосады. Химиктер негізгі шикізат ретінде ісік жасушалары артық мөлшерде шығаратын көміртек монооксидін таңдады.

Мақсатты синтезге басты кедергі жасуша ішіндегі глутатионның металл катализаторларын істен шығаруы болды. Палладациклдердің палладий орталығын қорғау үшін ғалымдар кешенді сарысу альбуминінен жасалған қабықшаға қаптады.

Бауыр, өкпе, жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісігінің жасуша желілерінде жүргізілген тәжірибелер 48 сағат ішінде қатерлі жасушаларда улы фенантридинонның сәтті түзілгенін көрсетті. Ол жасушалардың өлуіне әкелді. Дені сау культураларда реакция жүрмеді, себебі онда бос көміртек монооксиді жеткіліксіз болды.

Қанда да улы заттың синтезі жүрген жоқ, өйткені көміртек монооксиді онда гемоглобинмен мықтап байланысқан. Енді ғалымдар технологияны зертханалық жануарларда клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге дайындалып жатыр.