Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы — 20–40 жыл бойы үздіксіз инвестицияланатын аса ұзақ мерзімді қаражат. Ал банк депозиттерінің жұмыс істеу тетігі мүлде басқа, сондықтан ол бұл мақсатқа жарамайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бүгінде елде айтарлықтай қарама-қайшылық байқалады: банктер жылдық 20%-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен депозит ашуды ұсынып отыр, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтерін басқаратын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 6,17% кірістілік көрсетіп отыр. Осы жағдайда қазақстандықтарда заңды сұрақ туындауы мүмкін: зейнетақы жинағын банк депозиттеріне неге аударуға болмайды?
Алайда Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова БЖЗҚ-ның ресми YouTube-арнасына берген сұхбатында мұндай шешімді оңтайлы деп санауға болмайтынын түсіндірді.
Себебі зейнетақы қаражатының инвестициялық мерзімі ұзақ. Ол адам зейнетке шыққанға дейін, яғни 20–40 жыл, кейде одан да көп уақыт бойы қосымша табыс әкеліп отырады.
Ал депозиттердің мақсаты — жинақты қысқа мерзімде сақтап, көбейту. Ең жоғары пайыздар 3–6 айға, ең көбі бір жылға ашылған салымдарға ұсынылады. 20–40 жыл бойы жылдық 20% сыйақы беруді ешбір банк көтере алмайды.
Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жатқан барлық ақша мемлекет кепілдігімен қорғалатынын ұмытпаған жөн, бұл шамамен 28,5 трлн теңге. Ал депозиттер бойынша әр салымшыға кепілдік сомасы 20 млн теңгеден аспайды.
Бұл азаматтар үшін нені білдіреді: БЖЗҚ жинағы барынша қорғалған. Ұлттық банк немесе жеке компаниялар ауыр шығынға ұшыраса да, адам зейнетке шыққан соң ең болмағанда еңбек еткен уақытында жинақталған қаражатын толық алады. Ал зейнетақы жинағы аударылған банк «жарылса», салымшыға, әдетте, жинақ салымында жатқан қаражат үшін 20 млн теңгеден аспайтын сома қайтарылады. Мерзімді және мерзімсіз салымдар үшін бұл сома одан да аз — 10 млн теңге.
Сонымен қатар, сарапшы атап өткендей, мұндай көлемдегі жинақ — қуатты инвестициялық құрал.
«Бұл — мемлекет арқылы (мемлекеттік бағалы қағаздар) немесе борыштық қағаздар арқылы инвестициялауға болатын орасан зор әлеует. Осылайша инфрақұрылымымызды жақсартып, экономикамызды дамытып, бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыра аламыз», – дейді Елена Бахмутова.
ҚҚҚ төрағасы атап өткендей, депозиттердің мерзімі қысқа, олар арқылы тек қысқа мерзімді қарыздарды ғана инвестициялауға болады. Сондықтан Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істеген шамамен 30 жылда қалыптасқан бәсекелік артықшылық жоғалады.


