Қазақстанда егде жастағы азаматтарға ипотека рәсімдеу қиын болуы мүмкін: жасына байланысты көпшілігі несиеден бас тартады. Дегенмен бірқатар банк зейнеткерлерге несие беруге дайын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ипотека бермес бұрын банктер әлеуетті қарыз алушының табысын ғана емес, жасын да бағалайды. Жалпы қазақстандықтар тұрғын үй несиесін 18 жастан бастап ала алады, бірақ кейбір банктер төменгі шекті 21 жасқа, ал жоғарғы шекті 65–68 жасқа белгілейді. Әр банктің өз шарттары бар.
«Крыша» порталының мәліметінше, кейбір екінші деңгейлі банктер зейнеткерлерге ипотека беріп, оларды қарыз алушы серіктес ретінде қабылдайды.
Мәселен, «Банк ЦентрКредит» соңғы төлем кезінде қарыз алушы 68 жастан аспаса, ипотека беруге дайын. Мысалы, 63 жастағы адамға несие ең көбі 4–5 жылға беріледі. Зейнеткерлер мұнда қарыз алушы серіктес те бола алады.
«Отбасы банк» өтінімді 64,5 жасқа дейін қабылдайды, ал несиені 70 жасқа дейін төлеу қажет. Бұл жағдайда несиенің ең ұзақ мерзімі 5,5 жыл болады.
Alatau City Bank ипотеканы 63 жасқа дейінгі қарыз алушыларға береді, ал қарыз алушы серіктес болу үшін 65 жасқа дейін болу керек. Жас өтінім берілген күнге есептеледі. Алайда бұл шарттар әзірге Шымкенттегі бір тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алуға ғана қолжетімді.
«Нұрбанк» пен ForteBank зейнеткерлерге ипотека бермейді, бірақ оларды қарыз алушы серіктес ретінде қарастыруға дайын. Шарттарды банк бөлімшелерінде нақтылау қажет.
Осылайша, зейнеткерлерге ипотека бар, бірақ оның бірқатар ерекшелігіне дайын болу керек: несие ең көбі 68–70 жасқа дейін беріледі; несие мерзімі қысқа (4–5 жыл) болғандықтан, айлық төлем үлкен болады; табыс пен қарыз жүктемесіне қойылатын талаптар сақталады.
Сонымен қатар Қазақстанда кейбір азаматтар тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттің қолдауына сене алады. Атап айтқанда, қазақстандықтар әкімдіктен жалдамалы тұрғын үй немесе өз пәтерін сатып алуға жеңілдетілген несие ала алады.
Қазақстандықтардың шағын жалақымен ипотеканы қалай рәсімдей алатыны туралы біз бұған дейін егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.


