Ресей мен Украина өкілдерінің кездесуі жоспарланған мерзімнен ертерек өтуі мүмкін — Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздің ықтимал күнін атады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оның айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы келіссөз 10 қарашада Абу-Дабиде өтуі мүмкін. Бұл туралы украин мемлекетінің басшысы британдық The Sun басылымына берген сұхбатында айтты.

Әуелде кездесуді қарашаның соңында өткізу жоспарланған, алайда Киев үдерісті жеделдетуді ұсынды. «Біз сөйлесуге дайынбыз, кез келген форматтағы келіссөзге дайынбыз, тіпті өзіміз үшін сезімтал деген тақырыптарды да талқылауға дайынбыз. Мен Украина келіссөз үдерісін тоқтатып отырғандай әсер қалдырғым келмейді», — деді ол.

Қазір не жақын — шиеленісу ме әлде бейбітшілік пе деген сұраққа жауап бере отырып, Зеленский нақты жауап жоқ екенін мойындады. «Жауап беру өте қиын. Бұл соғыстағының бәрі әртүрлі елдер мен көшбасшылардың еркіне байланысты. Біз шешім табамыз деп үміттенемін. Егер АҚШ — біздің мықты серіктесіміз — Путиннің мақсаты бізді басып алу және жою екенін түсінсе, олар Путиннің жағында бола алмайды», — деді Украина басшысы.

Кездесуді американдық топ ұйымдастырады деп күтілуде. Киев келіссөзді барынша тез өткізуді көздеп отыр, бірақ АҚШ-тағы сайлаудың аяқталуын күтуге мәжбүр.

Зеленский сондай-ақ Вашингтонды бейбіт үдерісті созбауға шақырып, Украина кез келген бағаға келісімге келмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, АҚШ бейтараптық сақтауы керек, бірақ Ресейді агрессияны бастаған тарап деп тануы тиіс.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығыстың жақын арада аяқталатынын мәлімдеген.

Владимир Зеленский 21 қазанда Ослодағы келіссөздер барысында АҚШ, Ресей Федерациясы және Украина көшбасшыларының ықтимал үшжақты кездесуі туралы айтқан.

Ресей президенті Владимир Путин де Ресейдің Украина бойынша үшжақты келіссөздерге қайта оралуға дайын екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, тараптар бейбіт келісімдерден кейін қауіпсіздік мәселелерін талқылауы тиіс.

Көп ұзамай Кремль Ресей, Украина және АҚШ-тың үшжақты келіссөздерін жариялаған.