Абай облысының төрт тұрғыны Қазақстан аумағы арқылы Батыс Еуропа елдеріне бара жатқан транзиттік жүк контейнерлерінен қымбат техника ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Жүк иелері компанияларға келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 632,9 млн теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша, ұрлық жүк пойыздарының контейнерлерінен жасалған. Жедел-іздестіру шаралары барысында қызметкерлер Абай облысының төрт тұрғынын анықтап, ұстады. Тергеу дерегінше, олар алдын ала сөз байласып, контейнерлерге бірнеше рет заңсыз кіріп, ноутбуктер мен ойын приставкаларын ұрлаған.
«Атап айтқанда, былтыр мамыр айында Торпалды станциясында (Жетісу облысы) Қытай — Польша бағытындағы контейнерден 1 019 ноутбук ұрланды. Кейіннен ұрланған техниканың бір бөлігі Алматыда сатылды. Ұрлық салдарынан жүк иелері компанияларға жалпы сомасы 632,9 млн теңге материалдық шығын келтірілді», — деді Рамазанов.
Сотқа дейінгі тергеу барысында көлік полицейлері қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, ұрланған техниканың бір бөлігін тәркіледі.
«Алакөл аудандық сотының үкімімен төрт сотталушы аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық үшін кінәлі деп танылды. Оларға 6 жыл 7 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп қорытындылады полиция полковнигі.


