
- 04 июл. 2025 21:01
- 33
2027 жылға дейін 3 781 ауыл интернетке қосылады – Үкімет
Қазақстандағы ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін 3 781 ауылға жоғары жылдамдықты интернет жеткізілмек.
Бүгінгі таңда республика бойынша 6 179 ауыл бар, олардың 42%-ы ғана жоғары жылдамдықты деректерді тарату технологиясымен қамтамасыз етілген. Үкімет ұсынған жаңа жоба аясында оптикалық-талшықты байланыс желілері жүргізіліп, қамту деңгейі 90%-ға дейін арттырылады.
«Нәтижесінде интернет желісінің жалпы ұзындығы 160 мың шақырымнан асады. Бұл – ауыл тұрғындарының цифрлық инфрақұрылымға қол жеткізуін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді», – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, ел ішіндегі күре жолдарды мобильді байланыспен қамту деңгейін 99%-ға жеткізу жоспары да бар. Бұл – жол қауіпсіздігін арттырумен қатар, шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін байланыс сапасын жақсартуға бағытталған шара.
Аталған жобалар цифрлық теңсіздікті азайтып, мемлекеттік қызметтер мен білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.