Последнее обновление

(Время обновление 8 минут назад)
400-ден астам отбасы Солтүстік Қазақстанға қоныс аударды

Биыл еліміздің еңбекке шамадан тыс артық адамдары бар өңірлерінен, негізінен Түркістан мен Алматы облыстарынан, сондай-ақ Шымкент және Астана қалаларынан 400-ден астам отбасы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көшіп келгендерге жұмыс орнымен қатар, баспана сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Биыл бұл сертификаттың мөлшері 7 миллион 28 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Мәселен, Талдықорғаннан Петропавлға қоныс аударған Корниловтар отбасы мемлекеттік қолдауды баспана алуға жұмсаған. Олар сертификат пен ипотеканың көмегімен үш бөлмелі пәтер сатып алған.

Мемлекеттік қолдау шаралары

Солтүстік өңірлерге қоныс аударатын азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Биыл бұл сома 300 мың теңгеден асады. Сондай-ақ, баспана жалдау және коммуналдық қызмет ақысын өтеуге көмек көрсетіледі.

«2026 жылдың басынан бастап квотаға сәйкес, еліміздің оңтүстік өңірлерінен 800 отбасы, яғни 2820 адам, сондай-ақ 65 отбасы қандас көшіп келуі тиіс. Бүгінгі таңда 401 отбасы және 37 отбасы қандас келіп орналасты», - деді СҚО Еңбек мобильділік орталығының басшысы Нұрлан Бибұлаев.

Өткен жылы облысқа екі мыңнан астам адам көшіп келген. Солтүстік өңірге қоныс аударғысы келетіндердің өтінімдері әлі де қабылданып жатыр.

Новости

Реклама