Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Ажалсыз әскер
Патшалар сансыз шығын қылады,
Дайындап соғыс үшін ғаскерін.
Аямай бірін-бірі қырады,
Ел алар оққа байлап жастарын.

Тұрақсыз шыр айналған дүние,
Жұтады бәрінің де бастарын.
Ел түгіл жерлеріне кім ие,
Айтпасаң моласының тастарын.

Шын патша мен емес пе уайымсыз,
Ғаскерім – өлеңім мен сөздерім.
Олардың патшалығы дайынсыз,
Көреді баянсызын көздерің.

Ойлаңыз, біздің ғаскер өле ме,
Қағазға бір басылып қалған соң.
Бұл мықты әскер емей немене,
Жайылып талай орын алған соң.

Қарумен қанша қатты ұрса да,
Сөзіме жанның әлі келмейді.
Бұл дүние шыр айналып тұрса да,
Ғаскерім қартаймайды, өлмейді.

Білесіз, бұл сөзіме өлім жоқ,
Тағы да жүрген жерін қырмайды.
Дүниенің рахатына сенім жоқ,
Ешбірі баянды боп тұрмайды.

Алмаймын патшалықты берсең де,
Қайтейін, өлім тартып алады.
Мен-дағы, ажал жетіп, өлсем де,
Ғаскерім ақ қағазда қалады.

Оқиды кейінгілер сөзімді,
Бірі ұнап, бірі сынап күледі.
Өзімнің көрмесе де көзімді,
Зарланып өткенімді біледі.


You Might Also Like

Новости

Реклама