Последнее обновление

(Время обновление 7 минут назад)
Әкесі генерал, өзі қандықол қылмыскер: Мәскеуді үрейде ұстаған маньяк

Кеңес Одағы Батырының ұлы Анатолий Бирюков бір кездері Мәскеу мен Чехов қалаларының тұрғындарын үрейде ұстаған қылмыскер ретінде тарихта қалды. Кейін "балалар аңшысы" деген лақап атқа ие болған ол қысқа уақыт ішінде бірнеше сәбидің өмірін қиды. Қылмыскерді іздеуге Мәскеу полициясының үлкен күші жұмылдырылды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Балалық шақтағы жарақат тағдырын өзгертті

Анатолий Бирюков 1939 жылы Мәскеу облысындағы Чехов қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Николай Бирюков Ұлы Отан соғысының ардагері, генерал-лейтенант әрі Кеңес Одағының Батыры болған. Әкесі ұлына қатал тәртіппен тәрбие беріп, болашағынан үлкен үміт күткен еді.

Алайда, сегіз жасында әкесінің патрондарын бөлшектемек болған кезде болған жарылыс Анатолийдің тағдырын түбегейлі өзгертті. Ол ауыр жарақат алып, бетінде өмір бойы кетпейтін тыртық қалды. Кейін бұл тыртықты ол адамдарға қайнаған судан күйіп қалғанынан деп түсіндіріп жүрді.

Тұйықтық пен қылмысқа апарар жол

Осы оқиғадан кейін айналасындағылардың мазағы көбейіп, Анатолий тұйық болып, адамдармен араласудан қашқақтап, өз әлеміне жабылып қалды. Дегенмен, мектепте жақсы оқып, мұғалімдерінің мақтауына ие болды. Әкесінің әскери жолын жалғастырмай, слесарь мамандығын таңдап, құрылыс саласында еңбек етті, отбасын құрып, екі қыздың әкесі атанды.

Қауіпті әрекеттердің басталуы

Бирюковтың балаларға қатысты алғашқы қауіпті әрекеттері 1971 жылы байқала бастады. Сол кезде ол балалар емханасының жанында тұрған арбамен бірге сәбиді алып кетуге әрекеттенді. Анасы дер кезінде байқап, көмек сұрағаннан кейін ер адам ұсталды. Алайда, ол бұл әрекетін "қараусыз қалған балаға сабақ болсын деп жасадым" деп түсіндіріп, полицейлерді сендіріп, босап кетті.

Бір жылдан кейін ол тағы да баланы ұрламақ болған кезде қолға түскен. Кей деректерде үш жылға сотталғаны айтылса, басқа мәліметтерде жазадан құтылып кеткені көрсетіледі. Осы оқиғадан кейін әйелі онымен ажырасып кетті.

Мәскеуді дүрліктірген қылмыстар

1977 жылдың күзінде Мәскеуде жантүршігерлік қылмыстар тізбегі басталды. Алғашқы құрбандардың бірі үш айлық сәби болды. Қылмыскер баланы қараусыз тұрған арбадан алып кетіп, кейін оны өлтіріп тастады. Араға бірнеше күн салып тағы бір сәби жоғалды, бір айдан кейін оның денесі табылды. Тергеушілер екі оқиғаның да бір адамның қолымен жасалғанын түсінгенімен, нақты күдіктіні бірден анықтай алмады.

Кейін тағы бір бала ұрланып, көп ұзамай өлі күйінде табылды. Осыдан кейін Мәскеуде ата-аналар балаларын қараусыз қалдырудан қорқып, қала тұрғындары арасында үрей күшейді.

Іздеу мен тұтқындау

Полиция күдіктінің фотороботын жасап, іздеу жұмыстарын күшейтті. Мұны сезген Бирюков қылмыстарын туған жері Чеховта жалғастыруға тырысты. Онда да екі сәби жоғалып, кейін өлі күйінде табылған.

1977 жылдың 21 қазанында ол тағы бір баланы алып қашпақ болған кезде анасы байқап қалып, айғай көтерді. Қуғыннан құтылу үшін Бирюков сәбиді жерге тастап, қашып кетті. Абырой болғанда, бала аман қалды. Ал куәгерлер қылмыскердің түрін анық көріп үлгерген.

Осы оқиғадан кейін жасалған фоторобот тергеушілерді нақты күдіктіге алып келді. Көп ұзамай полиция Бирюков жұмыс істейтін құрылыс мекемесіне барып, оның жеке басын анықтады. Қылмыскер сол күні өз үйінде ұсталды.

Сот және жаза

Тергеу кезінде Анатолий Бирюков бес сәбиді өлтіргенін мойындап, жасаған қылмыстарын егжей-тегжейлі айтып берді. Алғашында Бирюков әкесі өзін құтқарып қалады деп сенген. Генерал Николай Бирюков та бастапқыда ұлының мұндай ауыр қылмысқа барғанына сенгісі келмей, оған тәжірибелі адвокат жалдаған. Бірақ сот барысында дәлелдер толық расталғаннан кейін генерал көпшілік алдында ұлынан бас тартты.

Сот-психиатриялық сараптама Анатолий Бирюковты есі дұрыс деп таныды. Сот оны өлім жазасына кесті. Қылмыскер бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болғанымен, әрекеттері сәтсіз аяқталды. Кейін түрлі органдарға кешірім сұрап өтініш жазған, бірақ бәрі қанағаттандырылмады.

Анатолий Бирюков 1979 жылдың 24 ақпанында атылды. Ол 40 жасқа толғаннан кейін көп ұзамай өлім жазасына кесілген.

Новости

Реклама