Последнее обновление

(Время обновление 2 часа назад)
Алматы тұрғындары үйлерінің сүрілуіне берілген өтемақыға наразы

Алматы қаласында жер учаскелері мен үйлері сүрілуге тиіс болған тұрғындар өтемақы мөлшеріне қатысты наразылық білдіруде. Билік әр сотық жерге 12 миллион теңгеге дейін ұсынып отыр, алайда бұл соманы жергілікті тұрғындар әділетсіз деп санайды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған ауданда барлығы 34 үй сүріледі деп жоспарланған. Болашақта бұл аумақта саябақ ашу көзделген. Алайда, тұрғындардың айтуынша, жердің құны тым төмен бағаланып, құрылыстар ескерілмей, тек учаскенің аумағы ғана есепке алынған. Олар ұсынылған өтемақыға қазіргі нарық бағасымен теңдей баспана сатып алу мүмкін емес деп санайды.

Тұрғындардың талаптары

«Маған шамамен 45 миллион теңге ұсынып отыр. Бұл сомаға қандай үй сатып алуға болатынын білмеймін. Балаларым да қарсы, олардың білімі, достары, мектебі бар. Бұл жерден көшу олар үшін үлкен соққы болады», - дейді тұрғын Еркебұлан Едікеев.

Тағы бір тұрғын Мұса Жұмағалиевтің айтуынша, оның жер учаскесі екі сотықтан аз. Оған ұсынылған 10-12 миллион теңгеден басқа, құрылыс үшін тек 300 мың теңге берілмек. «Бұл ақшаға қазіргі Алматыда ештеңе сатып ала алмайсың. Тек дәретхана ғана ала алсақ керек», - деп ашуланды ол.

Әкімдіктің жауабы

Қала әкімдігі өтемақы мөлшерін тәуелсіз бағалаушылар анықтайтынын мәлімдеді. Қазіргі таңда сегіз учаске иесімен келісімге келіп, жер сатып алынған. Қалғандарымен келіссөздер жалғасуда.

«Жердің бағасын тәуелсіз бағалау компаниялары анықтайды. Бұл ауданда бір сотық жердің құны шамамен 12 миллион теңгеден басталады. Бағаны анықтауда жылжымайтын мүліктің техникалық сипаттамалары да ескеріледі. Егер меншік иесі өтемақы сомасына келіспесе, сотқа жүгіне алады», - деді Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Темірлан Мұханов.

Әзірге тұрғындар мен билік өкілдері арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр. Тұрғындар тең бағалы тұрғын үй сатып алатындай өтемақы алмайынша, үйлерін тастап кетпейтіндерін айтуда. Олар сотқа жүгінуге де дайын.

Новости

Реклама