Последнее обновление

(Время обновление 2 месяца назад)
Алматыда Баум тоғайын абаттандыру жобасы басталды

Алматыда қаладағы ең маңызды табиғи нысандардың бірі саналатын Баум тоғайын абаттандыру жобасы ресми түрде басталды. Жобаны құрылыс саласындағы ірі компаниялардың бірі — BAZIS-A қолға алып отыр. Компания бұл мақсатқа 4,7 миллиард теңге көлемінде жеке қаражатын бағыттаған.

Баум тоғайы — Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше маңызға ие жасыл аймақ. Қаланың экожүйесі мен экологиялық тепе-теңдігін сақтауда атқаратын рөлі зор. Сондықтан бұл жерді қайта жаңғырту және қорғау жұмыстары көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе болатын.

Жоба аясында серуен жолдары, велосипедке арналған бағыттар, демалыс аймақтары, экологиялық соқпақтар мен балаларға арналған алаңдар қарастырылған. Сонымен қатар жасыл желектерді сақтау мен көбейтуге, суару жүйелерін жаңартуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріледі.

Мегаполистегі урбанизация үдерісі қарқын алған сайын табиғи аумақтарды сақтап қалу мәселесі күн тәртібіне жиі қойылуда. Алматы әкімдігі мен жеке инвесторлардың осындай бастамалары қала мен табиғат арасындағы балансты сақтауға бағытталған.

Жергілікті белсенділер мен экологтар бұл жобаның ашық әрі қоғам өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылуын талап етіп отыр. Себебі өткен жылдары кейбір табиғи нысандарды абаттандыру сылтауымен құрылысқа беру деректері тіркелген болатын. Ал BAZIS-A компаниясы бұл жолы жоба толықтай қоғамдық кеңес пен сарапшылардың бақылауымен жүргізілетінін мәлімдеді.

Баум тоғайын жаңарту жұмыстары бірнеше кезеңмен жүзеге асады. Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Жоба Алматы тұрғындарына экологияға зиян келтірмей, сапалы әрі қауіпсіз демалыс орнын ұсынуды көздейді.

 

You Might Also Like

Новости

Реклама