threads.com
- 13 мая 2026 05:30
- 35
Алматының орталығындағы көне қорған бұзылып, орнына не салынатыны белгілі болды
Алматы қаласының орталығында орналасқан, шамамен 2500 жыл бұрынғы көне қорған бұзылып жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желіде қала тұрғыны жариялаған суреттерден белгілі болды. Қаланың белді тұрғындары бұл жаңалыққа алаңдаушылық білдіріп, тарихи ескерткіштің не үшін бұзылып жатқанын сұрауда.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көне қорғанның тарихы
Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, бұл қорған Жандосов және Розыбакиев көшелерінің қиылысынан төменде орналасқан. Мамандардың айтуынша, қорған ерте темір дәуіріне, яғни б.з.д. VII-V ғасырлардағы сақтар кезеңіне жатады. Оның биіктігі шамамен алты метр, диаметрі 60 метрге жуық болған.
Неліктен бұзылып жатыр?
Қала әкімдігінің хабарлауынша, Бостандық ауданы, 20-шы көшедегі бұл қорған 2015 жылы Алматы қаласы музейлері бірлестігінің мамандарымен зерттелген. Сол жылы қалалық мәдениет басқармасы оны жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарған. Себебі, қорғанның тарихи-мәдени құндылығы жойылып, көп жылдар бойы бұзылып, нашар күйде болған.
Мамандардың дерегінше, қорған авариялық жағдайда болған: үйіндісі іс жүзінде толық бұзылып, нысан ұзақ уақыт бойы адам әсеріне ұшыраған.
«2024 жылы «Археологиялық зерттеулер» ЖШС жүргізген тарихи-мәдени сараптама нысанның тарихи-мәдени құндылығының жоғалғаны және оны тарих пен мәдениет ескерткіші ретінде одан әрі сақтау мүмкін еместігі туралы бұрын жасалған қорытындыларды растады», - деп хабарлады әкімдіктен.
Орнына не салынады?
Қазіргі таңда бұл аумақта Егізбаев көшесі, 9 мекенжайында орналасқан 2500 орындық жаңа мектепке баратын кірме жол салынып жатыр. Жұмыстарды осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, Алматыда бірнеше көне қорған сақталған. Солардың бірі Розыбакиев пен Штраус көшелерінің қиылысы маңында орналасқан. Бұған дейін мұнда ашық аспан астындағы мұражай – «Сак мәдениетінің әлемдік орталығын» құру жоспарланған болатын.