
- 22 июл. 2025 00:50
- 23
АҚШ 2008 жылдан бері алғаш рет Ұлыбританияға ядролық қаруын қайта орналастырды
АҚШ бірнеше B61-12 үлгісіндегі термоядролық бомбасын Ұлыбританиядағы Саффолк графтығында орналасқан Lakenheath әскери базасына орналастырды. Бұл туралы UK Defence Journal басылымы хабарлады.
Аталған база кезінде — қырғи-қабақ соғыс дәуірінде — АҚШ-тың Еуропадағы негізгі ядролық арсеналдарының бірі болған. Алайда 2008 жылы бұл базадан ядролық қару шығарылып, содан бері мұнда ондай қару сақталмаған.
B61-12 — АҚШ-тың заманауи термоядролық қаруы. Ол дәлдігі жоғары, қуаты реттелетін, ұшақпен тасымалданатын бомба ретінде белгілі.
Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам Ресеймен геосаяси шиеленістің күшеюімен және Еуропадағы қауіпсіздік мәселесінің ушығуымен тікелей байланысты. НАТО-ға мүше елдер соңғы жылдары өзара қорғаныс стратегиясын қайта қарап, ядролық әлеуетті күшейтуге ерекше мән беріп келеді.
Қазіргі таңда АҚШ-тың Еуропадағы бірнеше елде (Германия, Бельгия, Италия, Нидерланды, Түркия) ядролық қаруы бар екені белгілі.