tengrinews.kz
- 24 мая 2026 09:00
- 24
АҚШ ғалымдары жойылып кеткен моа құсын жасанды жұмыртқадан қайта тірілтуге кірісті
Америкалық Colossal Biosciences биотехнологиялық компаниясы Жаңа Зеландияда жойылып кеткен алып моа құсын «қайта тірілту» жобасында жаңа қадам жасағанын хабарлады. Ғалымдар зертханада жасалған жасанды жұмыртқалар арқылы 26 балапанды сәтті шығарып алғанын айтты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Моа құстары Жер бетінде өмір сүрген ең ірі құстардың бірі саналады. Олардың биіктігі үш жарым метрден асқан, ал жұмыртқалары қазіргі ең жақын туысы болып саналатын эму құсының жұмыртқасынан сегіз есе үлкен болған. Сондықтан мұндай ауқымды жоба үшін тірі құстарды аналық ретінде пайдалану мүмкін емес.
Жасанды жұмыртқаның құрылымы
Colossal Biosciences компаниясы синтетикалық қабықты әзірлеуде тәжірибе жинағанын мәлімдеді. Бұл – Жаңа Зеландияның алып моасы мен Маврикийдегі дронт сияқты жойылып кеткен түрлерді қайта тірілту жолындағы маңызды қадам деп санайды.
19 мамырда компания «Colossal жасанды жұмыртқа жүйесін» қолданып, 26 сау балапанның дүниеге келгенін жариялады.
Компания әзірлеген технология – бұл силикон мембранасы бар жасанды қабық. Ол нағыз жұмыртқа қабығының қызметін атқарады: оттегі мен ылғал алмасуын қамтамасыз етеді, температураны және ұрықтың дамуын қолдайды.
Компанияның бұрынғы жетістіктері
Компания бұл технологияны масштабтауға болатынын, сөйтіп, ақырында үлкен жұмыртқалардан жойылып кеткен түрлерді шығаруға болатынын айтады. Инвестиция ретінде 600 миллион доллардан астам қаржы жинап, 10 миллиард доллардан астам бағаланатын Colossal компаниясы бұған дейін де жаңалықтарда жиі көрінген.
Өткен жылы компания генетикалық түрлендіру арқылы жойылып кеткен қасқырларға ұқсас үш ақшыл иттің туылғанын хабарлаған еді.
Алайда, бұл есеп жарияланған кезде, басқа ғалымдар талдай алатын рецензияланған ғылыми мақала немесе көпшілікке қолжетімді деректер болмаған.