
- 08 апр. 2025 08:24
- 141
АҚШ ҒАЛЫМДАРЫ ТАРИХТАН ТІРІЛТКЕН ЖЫРТҚЫШ: ЖОЙҚЫН ҚАСҚЫРҒА ЖАҢА ТЫНЫС БЕРІЛДІ
Адамзат баласы ғылымның жаңа белесіне тағы бір мәрте көтерілді. АҚШ-тағы ғалымдар сонау мұз дәуірінде, яғни шамамен 12 мың жыл бұрын жер бетінен жойылып кеткен жойқын қасқырды (dire wolf) қайта тірілтті. Қиял-ғажайып фильмдерден көріп үйренгеніміз шындыққа айналып отыр.
Биотехнология саласында жетекші орын алатын Colossal Biosciences компаниясы бұл жобаны жүзеге асыру үшін бірнеше жылын сарп еткен. Мамандар АҚШ-тың әр түкпіріндегі музейлермен бірлесіп, қасқырдың ДНҚ-сын құрайтын құнды қалдықтарды іздеумен айналысқан. Ақыры, Айдахо штатынан табылған 72 мың жылдық бас сүйек пен Огайодағы 13 мың жылдық тіс олардың ең маңызды жаңалығына айналды.
Ғалымдар бұл жаңалық арқылы тек өткенді тірілтуді ғана емес, экожүйені қайта қалпына келтірудің жолын да қарастыруда. Жойқын қасқырдың ерекшелігі – ірі денелі, төзімділігі жоғары және өз дәуірінің экожүйесінде басты жыртқыш ретінде орны болған. Енді осы жыртқыштың генетикалық ұрпағы заманауи ғылыми тәсілмен қайта жанданып отыр.
Жоба әзірге толық аяқталмағанымен, алғашқы жетістіктер әлем ғылымына үлкен серпін беріп, жаңа этикалық және экологиялық талқылауларға жол ашты. Ғылым адамзат тарихын қайта жазуға қаншалықты дайын – бұл енді уақыт еншісіндегі сауал.