Последнее обновление

(Время обновление 4 минуты назад)
Ақтауда сәтсіз отадан кейін депутат қайтыс болды

Ақтауда артық майдан арылу үшін ота жасатқан Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, KazPetroDrilling компаниясының өңірлік вице-президенті Ербол Айтуов қайтыс болды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марқұм иек астындағы майды липосакция әдісімен алдыру үшін Ақтаудағы жекеменшік «Қасиет» клиникасына барған. Операция 4 сәуірде жасалғанмен, көп ұзамай науқастың жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Өкінішке орай, бір айдан кейін, 5 мамырда ол көз жұмды.

Отбасы дәрігерлерді кінәлайды

Марқұмның жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, ота алдындағы талдаулар жеткіліксіз зерттелген. Ол Ербол Айтуовтың қанындағы қант мөлшері жоғары болғанына қарамастан, дәрігерлердің операция жасағанын алға тартады. «Анестезиолог интубацияны дұрыс жасай алмай, тамағына зақым келтірді. Соның салдарынан күйеуімнің қан қысымы мен қандағы қант мөлшері күрт көтеріліп, инсульт алды», – дейді Лаура Айтуова.

Оның сөзінше, клиника қызметкерлері бастапқыда науқастың ауыр жағдайын отбасына толық айтпаған. Кейіннен ғана науқас облыстық ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Айтуова клиниканы салғырттықта айыптап, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Клиникада заңбұзушылықтар анықталды

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген тексеріс барысында клиникада бірқатар заңбұзушылық анықталды. Ота жасалатын бөлім қажетті құралдармен толық жабдықталмағаны, кейбір аспаптардың мерзімі өтіп кеткені және шұғыл көмекке арналған арнайы құрылғылардың жоқ екені белгілі болды. Сондай-ақ, анестезиология және реаниматология қызметіне қатысты лицензиялық құжаттардың да толық еместігі анықталды.

Комитет мамандары науқастың операция алдында толық тексеруден өтпегенін растады. Сәтсіз интубация анестезия кезінде миға оттегінің жетіспеуіне әкелуі мүмкін деген болжам жоққа шығарылмайды. Бұл дерек бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 464-бабымен хаттама толтырылып, тексеру материалдары прокуратураға жолданбақ.

Новости

Реклама