
- 21 апр. 2025 08:20
- 28
Ақтауда ұшақ қонған сәтте жолаушы бортсерікті ұрған
Ақтау халықаралық әуежайында ел есеңгіретер оқиға орын алды. Астанадан ұшып келген SCAT әуе компаниясының жолаушысы бортсерікке қол көтерген. Куәгерлердің айтуынша, бұл жағдай 2025 жылғы 20 сәуір күні түнгі сағат 00:05 шамасында тіркелген.
Куәгер Кариманың сөзінше, ұшақ жерге қонысымен жолаушылар қозғала бастаған сәтте, ер адамдардың бірі салонында ұялы телефонын ұмытқанын байқап, ұшаққа қайта кіруге тырысқан. Бірақ әуе компаниясының қызметкері оған салон әлі босамағанын айтып, сәл күтуін өтінеді.
Алайда ашуға булыққан ер адам бұл ескертуді елемей, салонға кіруге ұмтылып, бортсерікті бетінен ұрып жіберген.
"Ол кісі ұшу кезінде ешқандай оғаштық танытпаған еді. Жанжал күтпеген жерден басталып кетті. Бортсерік — ер азамат екен, шүкір, төтеп берді. Әйтпесе, бұл оқиға қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Ұшақ ішінде мүгедек жан мен бірнеше бала да болды. Мұндай әрекетке міндетті түрде қатаң шара қолданылуы керек", — дейді оқиғаның куәгері Карима.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тиісті органдар тексеріс жүргізіп жатыр.