- 19 янв. 2017 00:00
- 284
Ақтөбеде оқушылар мектепке таксимен баруға мəжбүр
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Лесной елді мекенінде тұратын 100-ден астам бала 12 шақырым қашықтықта орналасқан мектепке таксимен қатынап жүр. Жоғары сынып оқушылары қоғамдық көлікпен, ал көлігі бар ауыл тұрғындары көршілерінің балаларына екі аптадан бері такси қызметін көрсетуге мәжбүр. Себебі, мектеп автобусының жүргізушісі жұмыстан шығып кеткен.
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Лесной ауылының 118 баласы №39 жалпы білім беретін орта мектепте оқиды. Ауыл тұрғыны Елена Люпченко бүгін күн аяз болған соң баласын тағы да сабақтан қалдырды. Себебі, мектеп автобусы 9 қаңтардан бері оқушыларды тасымалдауды тоқтатқан.
«Осымен екінші апта болды, мектеп автобусы жүрмейді. Олар «жүргізуші қаңтарда жұмыстан шықты» деп айтты. Қазіргі күні көбінің баласы мектепке бармайды, сабақ оқымайды. Қоғамдық көлік Сазды ауылынан келерде толық болып, бізге тоқтамай кетеді. Ал жол бойында көлік тоқтатқан оқушылар 100 теңге төлеп қалаға келеді, кейін тағы автобусқа отырады. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Мұндайда көпбалалы отбасы балаларына қиын. Мен қалалық білім бөліміне да барып, мәселені ашық айттым. Олар «білмейміз» деп шығарып салды»,- дейді Елена Люпченко.
Шалғай жерде тұратын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалалық әкімдік мектепке автобус беріп, оны білім ордасының балансына аударып қойған. Автобус жүргізушісін табу, оның техникалық ақауларын жөндету мектеп директорының міндетіне жүктелді. Гаражы жоқ, құрал-сайманы жеткіліксіз автобустың жайын Ақтөбе қаласының әкімдігі, білім бөлімі, қалалық жұмыспен қамту орталығы, Сазды ауылдық округінің әкімдігі біледі. Мектеп директоры Индира Амитжанова 25 желтоқсан күні әлеуметтік желілер мен облыстық газетке хабарландыру беріп, жан-жақты құлаққағыс етті. Бірақ, жұмыс іздегендердің көбі балалар тасымалдайтын автобусты жүргізе алмайды екен.
«Мектеп автобусы бізге 2009 жылы берілген. Содан бері мұндай қиындық кезіккен емес. Бұрынғы жүргізуші екі жыл бұрын зейнетке шығып, жұмысын әрі қарай жалғастырды. Денсаулығы сыр берген соң өз еркімен жұмыстан кетті. Алдын-ала айтылған кезде әлеуметтік желілердің барлығына жүргізуші қажет деген хабарландыру берілді. Адамдар келеді, олардың кейбірі қоғамдық көлік жүргізген, сол жерде ереже бұзып, заң бойынша қызметінен шеттетілген. Уақытында жұмысқа келмейтін, автобустың шағын ақауларын жөндей алмайтын, тіпті, аязды күні қыздырып, көлікті жүргізе алмайтындар қажет емес бізге. Сонымен қатар, көбі 40 мың теңге жалақысы бар жұмыстан бас тартады»,- дейді мектеп директоры Индира Амитжанова.
Лесной ауылының 61 оқушысы таңертең, 57 бала түстен кейін білім алады. Жоғары сынып оқушылары қоғамдық көлікпен қатынап жүр. Ал бастауыш сынып балалары таксимен, ауыл тұрғындарының қамқорлығымен мектепке жетіп қалады.
«Күн салқын кезде кейбір балалар сабаққа келмей қалады. Оларға хабарласып, себебін біліп отырамыз. Ал кешігіп келген оқушыларға кешіріммен қараймыз. Жауапкершілігі бар ата-аталар балаларын сабақтан қалдырмайды. Көп дегенде 2-3 бала қалып қойып жүр сабақтан»,- дейді Индира Амитжанова.
Мектеп директоры бар жұмысты жиып қойып, мектеп жүргізуші іздеумен айналысып жатқанын жеткізді. Ол бірер күнде автобус балалар тасымалдауды әрі қарай жалғастыратынын айтып сендірді.
Алтынай Сағындықова
ҚазАқпарат