Последнее обновление

(Время обновление 2 часа назад)
Астанада газ тапшылығы бола ма? Энергетика министрлігі Орынбор зауытына қатысты мәлімдеме жасады

Энергетика министрлігі БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған "Астана мен басқа да өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін" деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

 

Астана мен өңірлер газсыз қалмайды

 

Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта елдің газдандырылған аймақтарына, соның ішінде елордаға газ қалыпты режимде және ешқандай шектеусіз жеткізілуде.

«Газ жеткізудің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Жеткізілмеген газ көлемі қолданыстағы келісімшарт аясында жедел түрде толықтырылуда. Сондықтан ішкі тұтынушылар, оның ішінде елордалық ЖЭО-да (Жылу электр орталығы) газ тапшылығы жоқ және болашақта да болмайды», — делінген ресми хабарламада.

 

Орынбор ГӨЗ-індегі жағдай қалай әсер етті?

 

Дүрбелеңге Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытында (ГӨЗ) шикізат қабылдаудың уақытша тоқтатылуы себеп болған. Алайда, Энергетика министрлігі бұл жағдайдың Қазақстанға газ жеткізуге тікелей әсер етпегенін атап өтті. Серіктестердің ақпараты бойынша, Орынбор зауыты жақын арада жұмысын қайта бастайды деп күтілуде.

Осы уақытша шектеулерге байланысты «Қарашығанақ» кен орнының операторы өндіру көлемін бақылаулы түрде азайтқан. Дегенмен, министрлік бұл шараның Қазақстанның ішкі нарығын газбен қамту міндеттемелеріне еш әсер етпейтінін қадап айтты. Зауыт қалыпты жұмысқа көшкеннен кейін, Қарашығанақтағы өндіріс көлемі жоспарланған деңгейге қайта оралады.

Ведомство барлық жағдай Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында екенін еске салды. Энергетика министрлігі азаматтар мен БАҚ өкілдерін дүрбелеңге салынбай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

You Might Also Like

Новости

Реклама