Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 23 мар. 2026 02:30
- 35
Астанадағы LRT вагондарын арқанмен сүйреп бара жатқан видео жұртты таңғалдырды
Астанада LRT (жеңіл рельсті көлік) вагондарын адамдардың арқанмен сүйреп бара жатқаны түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Видеода бірнеше адам вагондарды алға қарай арқанмен тартып, артқы жағынан итеріп бара жатқаны көрінеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Компаниядан түсініктеме берді
LRT компаниясының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, видеода вагондарды рельске орнатқаннан кейін, оларды дәл қосу үшін қолмен реттеу сәті түсірілген.
«Бұл – вагондарды дәл сцепка үшін қолмен реттеуге рұқсат етілетін кезең. Барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып атқарылады. Бұл рельсті көлікті пайдалануға беру алдындағы сынақ жұмыстары кезіндегі стандартты тәжірибе», - деп хабарлады компания өкілдері.
LRT жобасының тарихы
Астанадағы LRT жобасы бұған дейін де бірнеше рет сынға ұшыраған болатын. Құрылыстың ұзаққа созылуы мен жобаның қымбаттығы жұртшылықтың наразылығын тудырған еді. Жақында ғана бірінші вице-премьер Роман Скляр мен Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT депосына барып, Бірыңғай диспетчерлік орталықты іске қосуға дайындықты тексерген болатын.
Айта кетейік, бұл көлік түріне жол жүру ақысы 200 теңге болады деп жоспарланған.