tengrinews.kz
- 20 мар. 2026 16:30
- 31
Астанадағы LRT вагондарын қолмен сүйреген жұмысшылар жұртты таңғалдырды
Астана қаласында LRT жеңіл рельсті көлігінің вагондарын арқанмен сүйреп бара жатқан жұмысшылардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бұл көрініс көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікірлерге себеп болды.
Видеода арнайы киім киген бір топ адам вагонның алдында жүріп, оны қолмен сүйреп бара жатқаны көрінеді. Мұндай ерекше "тест-драйв" желі қолданушыларын қызықтырды.
LRT операторы CTS компаниясының баспасөз қызметі бұл жағдайды түсіндіріп берді. Олардың айтуынша, видео қаладағы деполардың бірінде түсірілген. Бұл – вагондарды рельске орнатқаннан кейін оларды қосудың технологиялық кезеңі.
"Жеңіл рельсті көлік желісіндегі сынақ жұмыстары аясында, вагондарды рельске орнатқаннан кейін оларды қосудың технологиялық кезеңі жүргізіледі. Бұл кезеңде вагондардың орнын қолмен реттеуге рұқсат етіледі. Бұл – вагондардың тіркеу құрылғыларын дәл сәйкестендіру және жылжымалы құрамның рельстердегі орнын анықтау үшін қажет", - делінген хабарламада.
CTS компаниясы бұл кезде вагондардың жұмыс режимінде болмағанын және ешқандай тартқыш жүйелердің қолданылмағанын атап өтті. Шағын қашықтыққа жылжыту "бақылаулы жағдайда" қолмен жүзеге асырылады. Компанияның мәліметінше, барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып атқарылады және рельсті көлікті пайдалануға беру кезіндегі қалыпты тәжірибе болып табылады.
Айта кетейік, Астанадағы LRT желісінің сынақ пайдалануы басталғанына алты айдай уақыт болды. Елорда әкімдігінің хабарлауынша, жобаны іске асыру кестеге сай жүріп жатыр және жолаушылар тасымалын биыл көктемде бастау жоспарланған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.