Последнее обновление

(Время обновление 9 минут назад)
Астанаға тойға бара алмағандар билет ақшасын қайтаруда қиындыққа тап болды

Астанада өтетін тойға бару үшін билет алған Жетісу облысының 16 тұрғыны күтпеген жағдайға ұшырады. Салтанатты шараның болмай қалуына байланысты жолаушылар әуе билеттерін қайтармақ болғанда, оларға тиісті ақшасы толық қайтарылмады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Билет құнының аз бөлігі ғана қайтарылды

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, Жетісу облысы мен Алматы қаласының тұрғындары отбасылық жиынға қатысу үшін Астанаға 16 әуе билетін сатып алған. Жалпы билеттердің құны 765 248 теңге болды. Алайда, отбасылық жағдайларға байланысты тойдың болмайтыны белгілі болған соң, жолаушылар ұшудан бас тартып, билеттерін қайтаруға өтініш білдірді. Бұл шешімді олар рейске 37 күн қалғанда қабылдаған.

Жолаушылар билет құны толық қайтарылады немесе әуе тасымалы ережесінде көрсетілген аз ғана ұстап қалумен қайтарылады деп күткен. Алайда, оларға жалпы соманың орнына бар болғаны 14 840 теңге қайтарылды. Бұл әр билетке шаққанда небәрі 927,5 теңгеден келеді.

Тұтынушылар құқығы қорғалды

Мұндай өтемақы мөлшерімен келіспеген тұрғындар Жетісу облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Департамент мамандары істің мән-жайын зерттеп, азаматтарға құқықтық көмек көрсетті. Оларға тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң талаптары түсіндіріліп, сатушы компания мен әуе тасымалдаушының атына қаражатты толық қайтару туралы сотқа дейінгі шағым дайындауға көмек берілді.

Нәтижесінде, департамент араласқаннан кейін мәселе сотқа дейін реттеліп, екі тәулік ішінде тұтынушыларға 765 248 теңге толық көлемде қайтарылды. Департамент өкілдері мұндай жағдайлар жиі кездесетінін ескертіп, азаматтарға билет сатып аларда тариф шарттарын мұқият оқуға кеңес берді.

Новости

Реклама