Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 21 мар. 2026 19:30
- 32
Атыраудағы қанды қырғын: Күйеу балаға қатысты жаңа деректер, әйелі сараптамаға жіберілді
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған Қарабалиндер отбасының трагедиясына қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мән-жайлар анықталды. Бұл қанды оқиғаға күдікті ретінде танылған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар көбейіп, іске жаңа баптар қосылды. Оның әйелі, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін медициналық мекемеге жіберілді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іске жаңа айыптар қосылды
Бастапқыда іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша, яғни екі немесе одан да көп адамды өлтіру фактісі бойынша тергеліп жатқан еді. Алайда, тергеу барысында жәбірленушілердің малын сату және мүлкін иемдену деректері анықталды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») және 190-бабы («Алаяқтық») бойынша бөлек қылмыстық істер қозғалды. Бұл оқиғаға алаяқтық бойынша үшінші эпизодтың қосылғанын білдіреді.
Әйелі сараптамаға жіберілді
Қадағалау органының хабарлауынша, күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне әзірге құқықтық баға берілмеген. Оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Егер оның психикалық ауытқулары анықталса, Алматыдағы Сот сараптамалары институтында стационарлық кешенді сараптама тағайындау мәселесі қарастырылады.
Тергеу жалғасуда
Прокуратура барлық мән-жайлар анықталып, сараптама қорытындылары алынғаннан кейін күдіктілердің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Тергеудің аяқталу мерзімі жүргізіліп жатқан сараптамалар мен тергеу әрекеттерінің ауқымына байланысты болады.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда шаруашылық құрылыс астынан марқұмдар Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері табылған болатын. Кейіннен жоғалған балаларды іздеу барысында тағы екі адамның, Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттері табылды. Күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемәлиев Индонезияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілген болатын.